Қазақстандық фототрофты микроорганизмдер дақылдарының коллекциясы

AlgaBioTech қазақ-жапон-қытай халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы

AlgaBioTech қазақ-жапон-қытай халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы биология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Болатхан Қазыханұлы Заядан қалыптастырған «Фототрофты микроорганизмдер, оларды биотехнологияда және биоэнергетикада қолдану» ғылыми мектебінің негізінде фотобиотехнология саласындағы зерттеулерді дамытуда.

Б.Қ. Заяданның жетекшілігімен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде микробалдырлар мен цианобактерияларды, олардың биологиясын, экологиясын, физиологиясын, биохимиясын, молекулалық-генетикалық ерекшеліктерін және биотехнологиялық әлеуетін зерттеуге бағытталған дербес ғылыми бағыт қалыптасты. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Биология және биотехнология мәселелері ғылыми-зерттеу институты базасында фотобиотехнология зертханасы жұмыс істеп; оның көпжылдық ғылыми тәжірибесі мен зерттеу әлеуеті AlgaBioTech орталығының негізгі ғылыми платформаларының біріне айналды.

Фотобиотехнология — фототрофты микроорганизмдерді іргелі зерттеуді медицина, экология, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі және биоэнергетика салаларына арналған практикалық шешімдер әзірлеумен ұштасатын заманауи биотехнологияның перспективті пәнаралық бағыты.

Орталықтың мақсаты

AlgaBioTech орталығының негізгі мақсаты — фототрофты микроорганизмдерге іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізу және олардың негізінде биоэнергетика, қоршаған ортаны қорғау, ауыл шаруашылығы, тағамдық және медициналық биотехнология үшін инновациялық, экологиялық қауіпсіз биотехнологиялық шешімдерді әзірлеу.

Микробалдырлар мен цианобактериялардың биоалуантүрлілігін сақтау және зерттеу, перспективті табиғи штамдарды бөліп алу, олардың функционалдық және биотехнологиялық потенциалын анықтау, сондай-ақ ғылыми нәтижелерді практикалық технологияларға айналдыруға жағдай жасауға ерекше назар аударылады.

Орталықтың негізгі міндеттері

AlgaBioTech орталығының негізгі міндеттеріне мыналар жатады:

  • микробалдырлар мен цианобактериялардың перспективті штамдарын бөліп алу, идентификациялау, өсіру және сақтау;
  • олардың морфологиялық, физиологиялық-биохимиялық, молекулалық-генетикалық және биотехнологиялық сипаттамаларын зерттеу;
  • фототрофты микроорганизмдердің коллекциялық қорын дамыту және толықтыру;
  • құнды метаболиттерді, липидтерді, биологиялық белсенді қосылыстарды және молекулалық сутекті өндіретін штамдарды іздеу;
  • ластанған су және топырақ экожүйелерін биоремедиациялау технологияларын әзірлеу;
  • қоршаған ортаны биомониторингтеу және биоиндикациялау әдістерін жасау;
  • ауыл шаруашылығына арналған биопрепараттар, биотыңайтқыштар және басқа да биотехнологиялық өнімдерді әзірлеу;
  • биодизель, биосутек және экологиялық қауіпсіз биоотынның басқа түрлерін алу технологияларын жасау;
  • фототрофты және олармен ассоциацияланған микроорганизмдерді зерттеуде заманауи молекулалық-генетикалық, геномдық, метагеномдық және биоинформатикалық тәсілдерді дамыту;
  • халықаралық ғылыми ынтымақтастықты, бірлескен жобаларды және академиялық алмасуды дамыту;
  • фотобиотехнология және сабақтас салалар бойынша жас ғалымдар мен жоғары білікті мамандар даярлау.

Негізгі ғылыми бағыттар

1. Ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібіне арналған биологиялық белсенді қоспалар және биопрепараттар.

Фототрофты микроорганизмдер негізінде азықтық биологиялық белсенді қоспаларды, сондай-ақ пробиотикалық және антиоксиданттық қасиеттері бар жаңа биопрепараттарды әзірлеу және жасау. Зерттеулер биологиялық белсенді қосылыстарды синтездеуге қабілетті перспективті микробалдырлар мен цианобактерия штамдарын іздеуге және оларды ауыл шаруашылығында, азықтық технологияларда және тамақ өнеркәсібінде қолдану мүмкіндігін бағалауға бағытталған.

2. Ластанған экожүйелерді биоремедиациялау.

Органикалық қосылыстармен, ауыр металл иондарымен, мұнаймен және мұнай өнімдерімен ластанған су және топырақ экожүйелерін тазарту мен қалпына келтірудің кешенді биотехнологияларын әзірлеу. Бұл технологиялардың негізінде микробалдырлар, цианобактериялар және микробтық консорциумдардың ластаушы заттарды сіңіру, трансформациялау және олардың уытты әсерін төмендету қабілеттері пайдаланылады. Жеке перспективті бағыт ретінде тұзданған және антропогендік әсерге ұшыраған топырақтарды қалпына келтіруге арналған альгоцианобактериялық биоқабықшалар мен кешенді микробтық жүйелерді әзірлеу қарастырылады.

3. Қоршаған ортаны биомониторингтеу және генетикалық мониторинг.

Сезімтал және мутантты микробалдыр тест-штамдарын пайдалана отырып, ластанған су экожүйелерінің экологиялық жағдайын биомониторингтеудің жаңа әдістерін әзірлеу. Зерттеулер фототрофты микроорганизмдердің ластаушы факторлардың әсеріне физиологиялық және генетикалық жауаптарын бағалауды, сондай-ақ зерттелетін ортаның ықтимал мутагендігін анықтау мақсатында қоршаған ортаны генетикалық мониторингтеу тәсілдерін әзірлеуді қамтиды.

4. Агробиотехнология және биотыңайтқыштар.

Азотфиксациялаушы цианобактериялар консорциумдары негізінде биотыңайтқыш ретінде қолдануға арналған биопрепараттарды жасау және экологиялық қауіпсіз агробиотехнологияларды дамыту. Перспективті зерттеу бағыты — өсімдіктердің өсуі мен дамуына ықпал ететін фототрофты микроорганизмдер мен ассоциацияланған топырақ бактерияларын қамтитын кешенді микробтық консорциумдар құру. Мұндай әзірлемелер ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға, олардың стресс факторларына төзімділігін күшейтуге және химиялық тыңайтқыштарды қолдануды азайтуға бағытталған.

5. Микробалдырлар мен цианобактериялар негізіндегі биодизель.

Липидтерді белсенді жинақтайтын микробалдырлар мен цианобактериялар биомассасынан биодизель отынын алу технологиясын әзірлеу. Зерттеулер перспективті штамдарды бөліп алуды, олардың молекулалық-генетикалық идентификациясын, липид продуценттерін скринингтеуді, өсіру және биомасса жинақтау жағдайларын оңтайландыруды, сондай-ақ микробалдырлар мен цианобактерия жасушаларының май қышқылдық құрамын анықтауды қамтиды. Кешенді тәсіл жекелеген штамдардың жаңартылатын биоотын өндіруге арналған әлеуетті шикізат ретіндегі перспективалылығын бағалауға мүмкіндік береді.

6. Биологиялық белсенді қосылыстар және иммуномодуляторлар.

Отандық тағамдық, профилактикалық және перспективті медициналық биопрепараттар жасау үшін фототрофты микроорганизмдер негізінде жаңа биологиялық белсенді қоспалар мен иммуномодуляциялық өнімдерді әзірлеу. Зерттеулер антиоксиданттық және басқа да функционалдық қасиеттері бар микробалдырлар мен цианобактериялардың табиғи биологиялық белсенді қосылыстарын іздеу мен сипаттауды қамтиды.

7. Биосутегі және фотобиологиялық энергетика.

Молекулалық сутек түзуге қабілетті белсенді цианобактерия штамдарын, соның ішінде экстремалды табиғи экожүйелерден бөліп алу және идентификациялау. Зерттеулер сутектік метаболизмнің физиологиялық, биохимиялық және молекулалық-генетикалық механизмдерін зерттеуге, перспективті штамдарды өсіру жағдайларын оңтайландыруға және фотобиологиялық сутек өндіру үдерістерінің тиімділігін арттыруға бағытталған. Бұл бағыт цианобактерияларды күн энергиясын түрлендіру және экологиялық қауіпсіз биоотын өндіру технологияларын құру үшін перспективті биологиялық платформа ретінде қарастырады.

Фототрофты микроорганизмдер коллекциясы

AlgaBioTech ғылыми қызметінің негізгі ресурстық базаларының бірі — Б.Қ. Заяданның жетекшілігімен құрылған CCMKazNU микробалдырлар мен цианобактериялар коллекциясы. Коллекциялық қор көптеген жылдар бойы ғылыми коллекциялардан алынған дақылдар және Қазақстанның әртүрлі табиғи экожүйелерінен бөлініп алынған штамдар есебінен қалыптастырылды. Қазіргі уақытта коллекцияда 13 туыс пен 25 түрге жататын цианобактериялар мен жасыл микробалдырлардың шамамен 50 штамы бар. Коллекция биологиялық ресурстарды сақтау қоры ғана емес, сонымен қатар белсенді ғылыми-эксперименттік платформа болып табылады.

Коллекция штамдары фототрофты микроорганизмдердің биологиясы мен физиологиясын іргелі зерттеуде; молекулалық-генетикалық идентификацияда; биологиялық белсенді заттар продуценттерін скринингтеуде; биоремедиация және биомониторинг саласындағы зерттеулерде; биопрепараттар мен биотыңайтқыштар әзірлеуде; липидтік метаболизм мен биодизель алу әлеуетін зерттеуде; биологиялық сутек түзілу механизмдерін зерттеуде; магистранттарды, докторанттарды және жас зерттеушілерді даярлауда қолданылады.

Коллекциялық қор жаңа табиғи изоляттар және басқа функционалдық маңызы бар микроорганизмдер есебінен біртіндеп кеңейіп келеді, бұл күрделі микробтық қауымдастықтарды зерттеуге және перспективті консорциумдар құруға көшуге мүмкіндік береді.

Ғылыми жобалар

Қазіргі уақытта коллекциялық қор және зертхана мен Орталықтың ғылыми-әдістемелік базасы бірқатар ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыруда пайдаланылады:

  • AP23485416 «Микробалдырлар мен цианобактериялар коллекциясының биобанкін құру және олардың қолданбалы зерттеулерде пайдалану үшін биотехнологиялық әлеуетін зерттеу» (жоба жетекшісі: б.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА академигі Б.Қ. Заядан);
  • AP26101745 «Ауыл шаруашылығында органикалық тыңайтқыштар мен өсімдік биостимуляторларын алу үшін цианобактерия штамдарын қолдану» (жетекшісі Ф.К. Сарсекеева);
  • AP23488028 «Ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің төзімділігі мен өнімділігін арттыратын альгобактериялық биопрепараттарды алу және сынау технологиясын әзірлеу» (жетекшісі А.К. Садвакасова);
  • AP23488308 «Пестицидтердің биодеградациясындағы микробалдырлар мен цианобактериялардың биотехнологиялық әлеуетін және олардың топырақ құнарлылығын арттыруға әсерін зерттеу» (жетекшісі Н.Р. Акмуханова);
  • AP23485836 «Биоотын өндірудің әлеуетті мүмкіндігі үшін альго-цианобактериялық консорциум негізінде мұнай өнімдерімен ластанған ағын суларды биоремедиациялау технологиясын әзірлеу» (жетекшісі К. Болатхан);
  • AP22685516 «Фототрофты микроорганизмдердің пигменттерін алу және олардың иммуномодуляциялық қасиеттері мен бактерияға қарсы белсенділігін зерттеу» (жетекшісі С. Сандыбаева);
  • №202ЕО1032 халықаралық жоба «Антибиотиктерді енгізу жүйесіндегі қытай-қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін зерттеу және әзірлеу, олардың бейімделу қабілетін зерттеу және қолдану» (жетекшісі Б.Қ. Заядан);
  • AP22788030 «Тұзданған және ластанған топырақтарды қалпына келтіруге арналған альгоцианобактериялық биоқабықшаларды алу және зерттеу» (жетекшісі М.О. Бауенова);
  • AP26194471 «Жасыл биоотын технологияларында микроорганизмдердің бірегей метаболикалық мүмкіндіктерін зерттеу үшін экстремалды экожүйелердің метагеномдық және метатранскриптомдық зерттеулері» (жетекшісі А.Б. Какимова);
  • AP32521343 «Микробалдырлар мен бактерияларды пайдалана отырып, ластанған су экожүйелерін кешенді бағалау әдістерін әзірлеу» (жетекшісі Г.А. Ахметова).

Осы жобалар аясында коллекциялық және жаңадан бөлініп алынған штамдарды пайдалану ғылыми зерттеулердің сабақтастығын қамтамасыз етеді және дақылдардың шығу тегі, таксономиялық тиістілігі мен биологиялық қасиеттері туралы мәліметтерді олардың функционалдық сипаттамасы және практикалық әлеуетін бағалаумен байланыстыруға мүмкіндік береді. Бұл микроорганизмдерді бөліп алу мен сақтаудан бастап, олардың молекулалық сипаттамасына, функционалдық скринингіне және нақты биотехнологиялық қолданбаларды әзірлеуге дейінгі бірыңғай зерттеу жүйесін қалыптастырады.

Халықаралық ғылыми ынтымақтастық

Халықаралық ынтымақтастық AlgaBioTech қазақ-жапон-қытай халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Көптеген жылдар бойы профессор Б.Қ. Заяданның ғылыми мектебі Еуропа мен Азияның жетекші университеттерімен, ғылыми-зерттеу институттарымен және биотехнологиялық ұйымдарымен тұрақты серіктестік байланыстар қалыптастырып келеді.

Орталықтың халықаралық байланыстары бірлескен зерттеулер жүргізуді, ғылыми жобаларды іске асыруды, жарияланымдар дайындауды, академиялық алмасуды, ғылыми тағылымдамаларды, магистрлік және PhD диссертацияларға бірлескен жетекшілікті, халықаралық конференциялар мен форумдарға қатысуды, штамдар және әдістемелік тәсілдермен алмасуды, сондай-ақ фотобиотехнология, молекулалық биология және биоэнергетиканың заманауи әдістерін енгізуді қамтиды.

AlgaBioTech халықаралық ынтымақтастығының бірнеше бірін-бірі толықтыратын ғылыми бағыттар бойынша дамуы ерекше маңызға ие.

Негізгі халықаралық серіктестердің бірі — Tokyo University of Science, Japan. Ғылыми ынтымақтастық фотосинтез, фотосинтетикалық электрондар тасымалы және фотожүйелердің молекулалық ұйымдасуы саласының маманы профессор Tatsuya Tomo-мен дамып келеді. Бірлескен ғылыми бағыт фототрофты микроорганизмдердің күн энергиясын түрлендіру механизмдерін, фотосинтездің физиологиялық және молекулалық негіздерін зерттеуге, сондай-ақ цианобактериялар мен микробалдырларды экологиялық таза энергия тасымалдаушыларын, соның ішінде биосутекті алу үшін пайдалану перспективаларына арналған. Ынтымақтастық аясында ғылыми алмасулар, зерттеушілердің тағылымдамалары, бірлескен эксперименттік міндеттерді талқылау, жарияланымдар дайындау және жас ғалымдарды халықаралық зерттеулерге тарту жүзеге асырылады. Бұл серіктестік AlgaBioTech-тің биоэнергетикалық бағыты үшін ерекше маңызды, өйткені Қазақстанның коллекциялық және табиғи фототрофты микроорганизм штамдарын фотосинтетикалық үдерістер мен энергияны түрлендірудің молекулалық механизмдерін зерттеудің заманауи тәсілдерімен ұштастыруға мүмкіндік береді.

AlgaBioTech ғылыми мектебін жетекші ресейлік зерттеушілермен ұзақ мерзімді ғылыми ынтымақтастық байланыстырады. Фототрофты организмдердің молекулалық биологиясы мен физиологиясы саласында К.А. Тимирязев атындағы Өсімдіктер физиологиясы институтының профессоры Д.А. Лосьпен ынтымақтастық дамуда. Бірлескен ғылыми қызығушылықтар цианобактериялар мен микробалдырлардың бейімделуінің молекулалық-генетикалық механизмдерін, физиологиялық үдерістердің реттелуін, секвенирлеуді және молекулалық биологияның заманауи әдістерін қолдануды қамтиды.

Фотосинтез, фотожүйелер, электрондар тасымалы және күн энергиясын түрлендіру саласындағы белгілі маман профессор С.И. Аллахвердиевпен ынтымақтастық маңызды орын алады. Ортақ ғылыми қызығушылықтар фотосинтездің іргелі механизмдері және оларды жаңа фотобиотехнологиялық және биоэнергетикалық тәсілдерді әзірлеуде қолдану мүмкіндігімен байланысты.

Жеке көпжылдық бағыт М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры Д.Н. Маторинмен байланысты. Ынтымақтастық экологиялық фотобиотехнологияны, биомониторингті және микробалдырларды пайдалана отырып су экожүйелерінің жағдайын бағалауды қамтиды. Осы бағыт шеңберінде фототрофты микроорганизмдердің ластаушы факторларға физиологиялық жауаптары және сезімтал штамдарды экологиялық мониторингке арналған тест-объектілер ретінде пайдалану мүмкіндіктері зерттелді. Ғылыми ынтымақтастық нәтижелері су экожүйелерінің биомониторингі мен биоремедиациясы саласындағы бірлескен зерттеулерде, жарияланымдарда және монографиялық еңбектерде көрініс тапты.

Халықаралық ынтымақтастықтың маңызды бағыты Чехиядағы ALGATECH Centre, Institute of Microbiology of the Czech Academy of Sciences-пен байланысты. Ғылыми өзара іс-қимыл, атап айтқанда, микробалдырлар физиологиясы мен биотехнологиясы, фотобиореакторлық технологиялар және фототрофты микроорганизмдерді ауқымды өсіру саласындағы белгілі маман профессор Jiří Masojídek-пен дамып келеді. Бұл ынтымақтастық AlgaBioTech-тің қолданбалы бағытын дамыту үшін ерекше құнды: жеке штамдарды зертханалық зерттеуден микробалдырларды бақыланатын және масштабталатын өсіру технологияларын әзірлеуге көшуге мүмкіндік береді. Бірлескен ғылыми қызығушылықтарға микробалдырлар физиологиясы, жарық және өсіру жағдайларын оңтайландыру, фотобиореакторлық технологиялар, құнды биомасса мен перспективті метаболиттер алу, сондай-ақ жас мамандарды даярлау жатады. ALGATECH орталығындағы ғылыми сапарлар мен тағылымдамалар заманауи эксперименттік әдістермен алмасуды қамтамасыз етіп, өнеркәсіптік альгобиотехнологияның еуропалық тәжірибесін Қазақстанда жүргізілетін зерттеулерге енгізуге мүмкіндік береді.

Польшаның Познань қаласындағы Adam Mickiewicz University-мен ынтымақтастық микробалдырлардың экологиялық және биоремедиациялық әлеуетін зерттеумен байланысты. Польша альгологтарымен бірлесіп, микробалдырлардың ауыр металдарды жою және жинақтау қабілеттері зерттеліп, олардың ластанған су экожүйелерін қалпына келтірудегі әлеуеті бағаланды. Ынтымақтастықтың маңызды нәтижелерінің бірі — жас зерттеушілерді халықаралық ғылыми жобаларға тарту және диссертациялық жұмыстарды даярлау, бұл Қазақстандағы экологиялық фотобиотехнология бағытының дамуына ықпал етеді.

AlgaBioTech Түркиядағы Yıldız Technical University және Karadeniz Technical University зерттеушілерімен ғылыми байланыстарды қолдайды. Халықаралық серіктестер қатарында Yıldız Technical University профессоры Didem Özçimen және Karadeniz Technical University профессоры Zihni Demirbağ бар. Ынтымақтастық микробалдырлар биотехнологиясын, биомассадан құнды өнімдер алуды, биоэнергетикалық бағыттарды және қолданбалы биотехнология саласындағы тәжірибе алмасуды қамтиды. Мұндай байланыстар бірлескен зерттеулердің, халықаралық жарияланымдардың, академиялық ұтқырлықтың дамуына және AlgaBioTech ғылыми желісінің өңірде кеңеюіне ықпал етеді.

Қытай бағыты Орталықтың халықаралық ынтымақтастығының стратегиялық маңызды құрамдастарының бірі болып табылады. AlgaBioTech Тяньцзинь, Қытай зерттеушілерімен, соның ішінде TIB өкілдері Huang Zhiyong және Wang Jingjing-пен ғылыми байланыстарды дамытады. Ортақ ғылыми қызығушылықтар заманауи өнеркәсіптік биотехнологиямен, микроорганизмдерді зерттеумен, молекулалық-генетикалық тәсілдермен және перспективті биотехнологиялық өнімдермен байланысты.

Ынтымақтастықтың жеке бағыты Kelun Pharmaceutical және Қытайдың фармацевтикалық секторымен байланысты. Бұл бағыт микробалдырлар мен цианобактериялардың биологиялық белсенді қосылыстарын іздеу және зерттеу, жаңа биологиялық өнімдер жасау және іргелі зерттеулерден практикалық биотехнологиялық әзірлемелерге көшу тұрғысынан елеулі қызығушылық тудырады. Қытайлық серіктестік Орталықтың технологиялар трансфері, ғылым мен өндірістің өзара іс-қимылы және биотехнологиялық әзірлемелерді коммерцияландырудың перспективті жолдарын іздеу саласындағы мүмкіндіктерін кеңейтеді.

AlgaBioTech-тің ғылыми байланыстары америкалық зерттеушілермен, атап айтқанда University of Tennessee, Knoxville, USA профессоры Barry Bruce-пен ынтымақтастықты да қамтиды. Бұл бағыттың ғылыми қызығушылықтары фотосинтетикалық жүйелерді, күн энергиясын түрлендіруді және фотосинтетикалық аппарат компоненттерін заманауи биоэнергетикалық технологияларда қолдану перспективаларын зерттеумен байланысты. Америкалық зерттеу топтарымен ынтымақтастық AlgaBioTech жұмыстарының іргелі құрамдасын кеңейтіп, Орталық зерттеулерінің фотосинтез және жаңартылатын энергетика саласындағы халықаралық ғылыми кеңістікке интеграциялануына ықпал етеді.

Фототрофты микроорганизмдер коллекциясы, Қазақстанның табиғи изоляттары және Б.Қ. Заядан ғылыми мектебінің жинақталған тәжірибесі зерттеулердің биологиялық негізін құрайды, ал шетелдік серіктестермен ынтымақтастық молекулалық биологияның заманауи әдістеріне, фотосинтез зерттеулеріне, геномдық технологияларға, фотобиореакторлық өсіруге және өнеркәсіптік биотехнологияға қолжетімділікті кеңейтеді. Халықаралық ынтымақтастық жас ғалымдарды даярлау үшін ерекше маңызды. Магистранттардың, PhD докторанттардың және жас зерттеушілердің бірлескен жобаларға, ғылыми сапарлар мен тағылымдамаларға қатысуы заманауи әдістемелік тәсілдердің берілуін қамтамасыз етеді және халықаралық зерттеу ортасында жұмыс істей алатын жаңа буын мамандарын қалыптастырады.

AlgaBioTech халықаралық байланыстары Қазақстанды Жапония, Қытай, Чехия, Польша, Ресей, Түркия және АҚШ зерттеу орталықтарымен біріктіретін тұрақты ғылыми желі қалыптастырады. Бұл желі іргелі фотобиология мен фотобиотехнологияның, экологиялық биотехнологияның, биоэнергетиканың, молекулалық-генетикалық зерттеулердің және микробалдырлар мен цианобактериялар негізіндегі қолданбалы технологиялардың дамуын қамтамасыз етеді.

Ғылыми нәтижелер және практикалық маңыздылығы

Ғылыми мектептің көпжылдық қызметі Қазақстанда фототрофты микроорганизмдерді зерттеудің кешенді бағытын — олардың іргелі биологиялық қасиеттерін зерттеуден бастап қолданбалы биотехнологиялық шешімдер жасауға дейін — қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Микробалдырлар мен цианобактериялардың перспективті штамдары алынып, сипатталды, CCMKazNU коллекциялық қоры қалыптастырылды, биомониторинг пен биоремедиация тәсілдері әзірленді, перспективті биотыңайтқыштар мен биопрепараттар зерттелді, липидтер мен сутек продуценті штамдар анықталды, жекелеген биологиялық белсенді және тағамдық өнімдер әзірленді.

Зерттеу нәтижелері ғылыми мақалаларда, монографияларда, оқу басылымдарында, диссертациялық жұмыстарда және патенттерде жарияланып, халықаралық ғылыми конференциялар мен форумдарда ұсынылды.

AlgaBioTech-тің болашағы

Орталықтың одан әрі дамуы Қазақстанның бірегей табиғи және экстремалды экожүйелерін зерттеуді кеңейтуге, коллекцияны жаңа микроорганизмдермен толықтыруға және олардың биотехнологиялық әлеуетін кешенді сипаттауға байланысты.

Жекелеген культивацияланатын штамдарды ғана емес, күрделі табиғи микробтық қауымдастықтарды да зерттеуге, биоэнергетика, экологиялық және өнеркәсіптік биотехнология үшін перспективті жаңа функционалдық гендер мен метаболикалық жолдарды анықтауға мүмкіндік беретін заманауи геномдық, метагеномдық, метатранскриптомдық және биоинформатикалық тәсілдер ерекше маңызға ие.

Халықаралық коллаборацияларды, бірлескен жобаларды дамыту және жас зерттеушілерді даярлау AlgaBioTech-тің халықаралық ғылыми желілерге одан әрі интеграциялануын қамтамасыз етуі тиіс.

AlgaBioTech — қазақстандық фотобиотехнология ғылыми мектебінің көпжылдық тәжірибесін, коллекциялық биоресурстарды, заманауи молекулалық технологияларды, халықаралық ғылыми байланыстарды және қолданыстағы ғылыми жобаларды біріктіретін ғылыми-зерттеу платформасы. Орталықтың қызметі фототрофты микроорганизмдерді сақтау мен зерттеуге және алынған іргелі білімді экология, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, медицина және жасыл биоэнергетика үшін практикалық шешімдерге айналдыруға бағытталған.